CaspianLife, 9 сәуір — KazMunaiGas Burgylau мекемесі жаға бекіту жұмысына жұмыла кірісіп жатыр. Кәсіпорын қызметкерлері Жаңаталап ауылы маңындағы Жайық жағасында еңбек етуде. Олар өткен сенбіден бастап өздеріне берілген 1 шақырым жағаны нығайтуды аяқтапты. Алайда, онымен тоқтап қалмай ұзындығы 2 км дамба тұрғызуға тағы кірісіп кетті.
«Біздерге ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Оның бәріне ақша төлеп отырған біздің мекеме. Біздің мекеме Kazpetrodrilling АҚ-на жатады. Солар бізге ақша бөліп, бәрін істеп отыр. Қажетті техниканың бәрін біз жалға алып отырмыз. Оның бәріне мекеменің өзі төлеп отыр. Қазір ескі балдың үстінде тұрмыз. Кейбір жерде бал жоқ, кейбір жерде қатты отырған. Қазір 2-3 күн ішінде 1 км бөгетті шамасымен 1 метрге көтердік. Енді ары қарай салып жатырмыз», -деді
KazMunaiGas Burgylau ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Игилманлов.
Бөгет басында 15 шақты техника мен 35 адам жұмыс істеп жүр. Кәсіпорын қызметкерлері күндіз өздері жұмыстанса, кешке Жаңаталап ауылының тұрғындары қол ұшын беруде.
KazMunaiGas Burgylau ЖШС бұрғылау жұмыстарын тоқтатып, қызметкерлерін жаға бектіту жұмысына жұмылдырған. Олар 3 күннің ішінде 7 мың қапты толтырып, дайындап қойыпты. Алдағы уақытта, бұл көрсеткішті 40 мыңнан асырамыз дейді кәсіпорын қызметкерлері.