CaspianLife, 15 сәуір — Жылыойда 1942 адам бір реттік әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берген. Бұл туралы Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтты. Оның сөзінше, бір рет берілетін қаржының көлемі — 100 АЕК немесе 369 200 теңге. Мамандар өтінішті демалыссыз, яғни сенбі-жексенбі күні де қабылдап жатыр. Сонымен қатар, қазір Теңіз қалашығына эвакуацияланып, қоныстанған адамдардан да өтініш алу үшін 2 маман арнайы жіберіліпті. Азамат Мәмбетовтың айтуынша, төлем тұрғындардың есеп шотына келер аптадан бастап түседі.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов:
— Екі жерден қабылдап жатырмыз. Бұл жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, сол ауданда орналасқан мансап орталығында. Яғни, Махамбет даңғылы 178-үйде қабылдап жатырмыз. Арыз иелерінің қолында арызы болуы қажет, сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаты, арнайы есепшоты, жергілікті жерден анықтама әкеліп береді. Банк те, әкімдік те толығымен жұмыс жасап жатыр, -деді.