CaspianLife, 2 сәуір — Ойыл бойындағы ауылдарға қауіп төнді. Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану ауылындағы сайда тұрған 3 үйге су кірді. Оның біреуі иесіз. Қалған 2 үйдегі 10-ға жуық адам және үй жануарлары қауіпсіз жерге шығарылды. Ойыл ауылдық округіндегі Балабейіт қыстағы да тасқын судың қоршауында. Ол жақтағы 11 тұрғынды құтқару үшін ауданнан жасақ кетті. Қазір 150-ге жуық ерікті 8 техниканы пайдаланып, биіктігі 2 метр, ұзындығы 6 шақырым болатын бөгет тұрғызған. Көздіғара ауылдық округінде 1744 тұрғын немесе 350-ге тарта түтін бар. Округке қарасты Қосқұлақ және Бүйрек елдімекенінің 215 тұрғыны, 1266 мүйізді ірі қара, 551 жылқы, 66 түйе, 422 қой-ешкі қыр басына шығарылды.
Қызылқоға аудандық ТЖБ бастығының м.а Бақтыбек Қалыбайұлы:
-Қоныстану ауылы бойынша қазіргі таңда 3 үй суға кеткен болатын. Ол үйлер сайда орналасқан. 3 үйдің тұрғындарына эвакуациялық жұмыстар жүргізілді. Қоныстану ауылында уақытша көшіру пунктісі мектеп, білім беру ұйымы және мәдениет үйі болып белгіленді. Қазіргі таңда жеке құрам Қоныстану ауылына көмекке кетуді жүргізуде. Енді елді мекендерге қауіп төндіретін Тасшағыл, Қаракөл ауылы онымен қоса Қарабау ауылы бар, -деді.
Облыстық маңызы бар «Миялы-Қарабау-Индер» трассасының Жалаңаш көл тұсындағы бөлігі су астында қалды. Ал, Миялы және Тайсойған ауылдық округіндегі ахуал қалыпты. Миялыдағы 3 эвакуациялық пунктте қазір адам жоқ. Ал , Тайсойған ауылының 128 тұрғыны қаладағы және Миялыдағы туыстарының үйіне жеткізілді. Су Тайсойғанға әлі жете қоймаған.