CaspianLife, 9 қаңтар — Атырауда кәріз құдықтарын қоқыстан тазалау кезінде кәріз жүйесінен өлі күшік пен кілем және басқа да бөгде заттар шығарылды, деп хабарлайды CaspianLife.
«Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты Кәріз насостық стансасының бастығы Жеңіс Кисимовтың айтуынша, қалада күніне жоқ дегенде 20 шақырту түседі. Ал өткен демалыста жұмысшылар бас көтермей жұмыс істеп, 100-ден астам шақыртуға барған.
«Адамдардың көбі үйден шыққан тұрмыстық қоқысты тиісті жерге апармай, кәріз құдығына тастап кетеді. Бұл жолы күшік, кілем мен күртеше және басқа да заттарды шығарып алдық. Ал унитазға жеке гигиеналық заттарды тастап, тамақ қалдықтарын төгетіндер бар. Тіпті қазан түбінде қалған майды да унитазға төгетін болсаңыз, ол мына суық күнде қатып қалады да құбырдың бітелуіне әкеп соғады. Біле білсеңіздер, дәрет қағазын да тастауға болмайды. Дүкендерде суға түскенде еріп кететін түрлері сатылады. Бірақ ол қымбат болғандықтан, халық ала бермейді», — дейді Жеңіс Кисимов.
Жұмысшылардың айтуынша, кәріз жүйелері жиі бітеледі. Себебі қала тұрғындары дренаждық желілерді дұрыс пайдаланбайды екен. Сондықтан да олар инженерлік желілерді дұрыс пайдалану қажеттігін, яғни көп мөлшерде тамақ қалдықтарын, шүберектерді, кілемшелерді, сүлгілер мен басқа да заттардың кәріздік желіге түсуіне жол бермеуді сұрайды.
Айта кетейік, қазір қалада 5 бригада жұмыс істейді. Оның әрқайсында 5 жұмысшыдан бар.