CaspianLife, 27 желтоқсан — Қазір мамандар сыбырлақ аққулар өлімінің себебін анықтауда. Бұл туралы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығынан хабарлады.
Қарақия-Қаракөл табиғи резерватының инспекторлары 21 желтоқсан күні көл жағасын күзетіп жүріп, отыз сыбырлақ аққудың өлексесін тапты. Кейін бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарланған.
Құстардың өлу себептерін анықтау үшін өлекселерден сынамалар алынды. Сонымен қатар, инспекторлар табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп, қорықтағы басқа құстардың қырылуын анықтап жатыр.
«26 желтоқсандағы жағдай бойынша «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС (Алматы қаласында орналасқан) Вирус экологиясы зертханасының аға ғылыми қызметкері Ермұхаммет Қасымбеков өлген аққулардың денелерінен алынған сынамаларды зерттеп, тиісті зертханалық жұмыстарды жүргізуде», — деп хабарлады қорық мамандары.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы да көлден өлі аққулар табылған еді. Мамандар олардың өлімінің себебін суық пен аштықтан көрген.