CaspianLife, 6 желтоқсан — Бүгін Облыстық ономастика комиссиясының 22 маусымдағы қорытындысы негізінде Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылыда көрнекті қаламгер Нұриден Мұфтаховтың атына көше берілді.
Облыстық «Атырау» газетінің ғасырлық тойы аясында өткізілген салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында көше атауы берілгенін айтып өтті.
— Бүгін қаламыздың көптеген ардақты азаматтары арнайы қатысуымен Жаңаталап ауылының тұрғындарымен бірге атақты фельетоншы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі болған, облыстық «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы қызметкері Н.Мұфтахов ағамыздың есімін ұлықтау мақсатымен бүгін осы көше ашылып отыр. Бұл Жаңаталап ауылымыздың гүлденіп, көркейіп келе жатырғанының бір дәлелі. Жалпы атамыздың еңбегін ескеріп, өзінің дархан мінезі, кең жүрегімен, батыл мінезімен көптеген азаматтарға қолдауын көрсетіп, қоғамға адал қызмет еткен үлгісін ұрпақтарға дәріптемекпіз. Сондай-ақ олардың тарихи тұлғаларымызға қарап бой түзеп, есімдерін ұмыт қалдырмасын деген ниетпен осы іс-шара жүзеге асырылуда. Біз бұл көшенің жағдайына әрдайым көңіл бөлеміз және тұрғындарды да көшені таза ұстауға шақырамыз, — деді Н.Ермұханов.
Сондай-ақ облыстық Ардагерлер кеңесінің шешімімен Нұриден Мұфтаховтың атына «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалі беріліп, қаламгердің жанұясына табысталды.