Caspian Life, 17 қараша. «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі жерасты желісінде мұнай төгілді. Қолда бар ақпаратқа қарағанда бұл — мұнай резервуарлары мен кешенді технологиялық желі арасындағы жерасты құбырындағы ақау салдарынан болған.
Шамамен 50 текше метр мұнайдың ағып кеткендігі айтылады. Бұл шамамен бір вагон мұнайға тең. Осы жағдайға қатысты экология және табиғи ресурстар министрлігі де, Атырау облыстық экология департаменті де ресми ақпарат берген жоқ. Ал компанияның баспасөз қызметі осы жағдайды растап, ресми ақпарат таратты.
« — Қарашаның 12-сі күні Теңіз кен орнында мұнайдың ағуы анықталды. «Теңізшевройл» мекемесінің жедел тобы оны оқшаулау үшін шұғыл шаралар қолданды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздік шаралары мен ережелеріне сәйкес тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жауапты органдарға тиісті түрде хабар берілді. ТШО қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.