CaspianLife, 16 қараша — «Балауса» ықшам ауданындағы 20-көшеге Алаш қозғалысының мүшесі Ыбыраш Әлжановтың есімі берілді. 1930 жылдары қуғынға ұшыраған Ыбыраш Әлжанов туралы ақпаратты ұрпақтары 2014 жылдан бастап іздеп, тың мәліметтерге қол жеткізіпті. Түрлі мекемеге хат жазып, мұрағаттағы іс-қағаздарды қарауға тура келген. Мемлекет басшысы 2020 жылы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған еді. Мұндай жұмыс тобы Атырауда да іске кіріскен. Нәтижесінде Ыбыраш Әлжанов сынды қуғын-сүргіннің құрбаны болған бірнеше азамат туралы ақпарат табылыпты.
«Есбол болысында, Қызылқоғада, Жылыойда, Груьев уезінде әртүрлі лауазымды жұмыстарда қызмет еткен адам. Ол кісі бір жағынан Алаш орданың батыс бөлімінде жұмыс жасаған. Дамытуға атсалысқан адамның бірі. Кейін совет үкіметі келгеннен кейін бұл кісілер қудаланып, репрессияға түсті. 2020 жылы комиссияға жазған арызымда біздің атамыздың жатқан жерін табу және ақтау, дұға ету мақсатымыз болған» -деді Ы.Әлжановтың ұрпағы Руслан Сырлыбаев.