CaspianLife, 16 қараша — 14 қараша күні таңғы сағат 08:10-да бес бала дүниеге келіп, Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында бақытты аналардың есімдері белгілі болды, — деп хабарлайды CaspianLife.
Сәбилердің ата-анасына ерекше сертификаттар табысталды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 20 миллионыншы азаматтың туған күні туылғандар мен қайтыс болғандар саны, Қазақстанға келгендер мен елден кеткендер сияқты қолда бар барлық демографиялық мәліметтерді ескере отырып анықталды.
Сәбилер Ұлытау мен Жетісу өңірлерінде, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың арасында үш ұл, екі қыз бала бар. Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев ата-аналардың есімдерін жариялады.
«Аналардың рұқсатымен есімдерін айта аламын. Атырау облысында дүниеге келген ұл баланың анасы Айдана Оразымбетова. Ақмола облысындағы қыз баланың анасы Динара Каренкина. Түркістан облысында Гүлмира Ізтілеуова ұл баланы дүниеге әкелді. Ұлытау облысында дүниеге келген қыз баланың анасы Әйгерім Молдашова, Жетісу облысында Диана Әзімбаева ұл туды», — деді ол брифингте.
Оның айтуынша, сәбилер мен аналардың жағдайы қанағаттанарлық, қазір олар перзентханадан шығаруға дайындалып жатыр.
«Шығарылғаннан кейін арнайы үлгідегі туу туралы куәліктер беріледі, сондай-ақ отбасыларға сыйлықтар – арбалар мен нәресте жәшіктері беріледі, олар бүгін өңірлерге жеткізіледі», — деді ол.