Caspian Life, 14 қараша. Атырау темір жол вокзалында төтенше жағдай! Мұнда апат болып, цистернадан күкірт қышқылы төгілді. Салдарынан бір адам уланып қалды.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС мамандары оқиға болған жерді дереу қоршап, құтқарушыларды шақырды. Олар болса сол маңды зарарсыздандырып, айналаға қауіпті заттың жайылмауын қамтамасыз етті. Абырой болғанда бұл –шынайы оқиға емес, бар болғаны оқу-жаттығу ғана. Тиісті орындар алдағы уақытта осындай жағдай бола қалса, қамсыз қалмайық деп, білгендерін пысықтамақ мақсатта ұйымдастырыпты.
Дәл осындай оқу-жаттығу жылына 2 рет өткізіледі. Бұл құтқарушылар үшін ғана пайдалы емес, теміржолшылардың да абдырап қалмасы үшін қажет, — дейді Қазақстан темір жолы компаниясының жергілікті өкілдері.
Кешенді оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Атырау қосалқы бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, дәрігерлер, полицейлер — барлығы 150 адам қатысып, 30 техника жұмылдырылды.