CaspianLife, 7 қараша — Ақтаудағы мұз сарайының құрылысы 10 жылдан бері бітпей тұр, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұған 3 жыл бұрынғы пандемия, жер теліміне қатысты дау, жемқорлық дерегі, ақырында істің сотта қаралуы себеп. Соның кесірінен хоккейшілер, мәнерлеп сырғанаушылар мен керлингшілер сауда орталығындағы мұз айдынын жалға алып, жаттығып жүр.
«Бөлінген ақшаның ұрланғаны анық, енді бізге ешкімнің аз уақытта ғимарат салып бермейтіні де белгілі. Бізді қазір қатты алаңдатып тұрған мәселе жергілікті тренердің жоқтығы. Сол себепті тренерді басқа жақтан шақыртып отырмыз.Федерация ата-анаға түсетін салмақты азайту үшін басқармадан көмек сұрады»,-дейді ата-аналар.
Жаттықтырушылардың айтуынша, Ақтауда мұз айдыны тек сауда орталығында бар. Бірақ бұл кәсіби спортшылар үшін тарлық етіп тұр.
Құрылыстың созылуына – мердігер мен жергілікті әкімдік арасындағы сот себеп болып отыр.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың сөзінше, мұз айдынына қатысты келесі сот отырысы 16 қараша күні өтеді. Ал оның шешімін барлық спортшы асыға күтіп отыр. Ата-аналар да өз позициясынан таймақ емес. Өйткені спортшылардың дайындығы мен жүріс-тұрысына жұмсалатын шығын солардың мойнында.