CaspianLife, 6 қараша — Ұлттық банк 23 қазандағы қаулысымен Төлем карточкаларын шығару қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан аумағында оларды пайдалана отырып, операцияларға қызмет көрсетуге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды CaspianLife.
Жаңа ережелерге сәйкес банктер төлем картасын пайдалана отырып ақша аудару бойынша төлем қызметтерін көрсетпес бұрын мына тәуекелдер туралы ескертуі керек: үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттеріне байланысты ықтимал тәуекелдер; үшінші тұлғалардың, оның ішінде өзін мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының немесе банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын тұлғалардың ықпалымен (өтініштері бойынша) ақша аударуға байланысты тәуекелдер; ақшаны алушының бастамасы бойынша (шешімі бойывнша) немесе сот шешімі бойынша операцияны тоқтату және ақшаны қайтару мүмкіндігі.
Микроқаржы ұйымдары төлем карточкалары бойынша микрокредиттерді беру кезінде несие сомасы қарыз алушыға аударылатын жеке арнайы корпоративтік төлем картасын пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар электрон банктік қызметтерді көрсету кезінде банк рұқсат етілмеген төлемдер мен ақша аударымдарымен күресу процесін автоматтандыратын жүйелерді қолданатыны айтылады.
Қаулы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.