CaspianLife, 6 қазан — Ақтөбе облысының іргесіндегі Садовое ауылында малдан адамға жұғатын жұқпалы дерттің ошағы анықталды, деп хабарлайды CaspianLife. Ауылда 20 күндік карантин енгізілген. Елді мекенде адам өміріне қауіп төндіретін қой-ешкінің күлшешек ауруы пайда болды. «Диапазон» басылымының хабарлауынша, өткен аптада малшы екі ауру қойдан күлшешектің белгілерін көрген.Облыстық ветеринарлық зертхана диагнозды растады.
«Ауру өте жұқпалы, оны адамдар да жұқтыруы мүмкін, сондықтан Садовое тұрғындар алқабында карантин белгіленеді. Мамандар дезинфекция мен екпе жұмыстарын жүргізеді. Екі қойдан басқа ауру мал әзірге жоқ. Карантин кезінде мал мен жем-шөпті елді мекендерден шығаруға немесе әкелуге болмайды. Карантин 20 күнге созылады. Вакцинацияланған малдың етін екпеден кейін 14 күн бойы тұтынуға болмайды», — деді Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.