CaspianLife, 28 қыркүйек — Облыс бойынша жыл сайын 30-70 жас аралындағы ер мен әйел адамдар скринигтік тексеруден өтеді. Облыста скринингтен өткен 50000-нан астам адамның 2300-ге жуығы жүрек ауруына шалдыққан. Бұл туралы облыстық кардиология орталығының дәрігер-кардиологы Айдана Ізмұханова баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының бірі. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 50%-ға жуығын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек-қан тамырлары ауруларының эпидемиясын тамақтану құрамының өзгеруімен байланыстырып отыр. Қоршаған ортаның жағымсыз факторларының 80%-дан астамы адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік жүрек-қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы. Сондықтан дұрыс тамақтану мәдениетінің маңызы зор. Жүрек-қан тамыры ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фактор, ол – темекі шегу. Орта есеппен алғанда темекі шегу адам өмірін 7-10 жылға қысқартады. Темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегетін адамдарда миокард инфарктісіне шалдығу екі есе көп, ал осы аурудан қайтыс болатындар саны 4 есеге артық болып отыр, — деді А.Ізмұханова.
Оның айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын-алу үшін бірнеше маңызды нәрселерді есте сақтау керек. Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту және тиімді тамақтану ережелерін сақтау қажет. Сонымен қатар майлы тамақтардан бас тартып, тұзды пайдалану мөлшерін тәулігіне 4 граммға азайтқан жөн.