CaspianLife, 8 қыркүйек — Жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем кубогынан атыраулық 2 спортшы жеңіспен оралды, деп хабарлайды CaspianLife.
Додаға 20 мемлекеттен 150 спортшы қатысқан. Жерлесіміз Бекет Жүніс 55 кг салмақ дәрежесінде үш белдесу өткізіп, бірінші сында тәжік палуанын айқын басымдықпен жеңсе, екінші белдесуде өзбек палуанын жеңіп, ақтық айқаста қырғыз палуанын ұтқан. Осылайша ол Әлем кубогында жеңіске жетті. Ал Нұрболат Ізімғалиев 66 келі салмақта Эстония спортшыларын жеңіп, күміс жүлдені иеленді.
-Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Мұнда бірінші орын алған спортшылар «Халықаралық спорт шебері» нормативін орындады. Жүлде қоры бірінші орынға 3 млн, екінші орынға 2 млн, үшінші орынға 500 мың теңгеден берілді, — деді Олимпиадалық емес спорт түрлерінен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Айбек Серғазиев.
Айта кетейік, екі спортшы да қазақ күресінен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері».