CaspianLife, 5 қыркүйек — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыс аймағынан Қазақстанға Каспий теңізі арқылы есірткі тасымалдайтын арнаның жолын кесті, деп хабарлайды CaspianLife.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қыркүйекте Маңғыстау облысында есірткі бизнесімен айналысқан бір топ адам ұсталған. Олардың ішінде мемлекеттік шекарадан шағын өлшемді жүрдек катерлермен заңсыз өткен шетел азаматтары да бар.
«15 келі апиын, 20 келі гашиш, 50 қорап «трамадол» апиынды анальгетигі, сондай-ақ техникалық байланыс және навигация құралдары тәркіленді», — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚК 297-баптың 3-бөлігімен («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.