CaspianLife, 17 тамыз — Антикор қызметкерлері атыраулық волонтерларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырады, деп хабарлайды CaspianLife
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өңірдегі өкілдері бұл жұмысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында ұйымдастырмақ. Басты мақсат – белсенді азаматтар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерін түрлі іс-шараға ерікті ретінде тарту. Антикор қызметкерлері ең алдымен азаматтық белсенділермен кездесіп, жобаның жай-жапсарын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, жобаның осал тұстары мен пайдасы талқыланды. Жоба 4 бағытта іске асады. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік сатып алу порталындағы баға, бюджет қаражатының тиімді жұмсалғанына мониторинг жүргізу, әлеуметтік маңызы бар объектілердің жағдайын қадағалау сынды жұмыстар қоғамдық бақылау бойынша жүреді. Саладағы проблемаларды зерделеу, алдын-алу іс-шараларына қатысу сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту бағытына қатысты болмақ. Адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылардың, түрлі ұйымға, ұжымдарға құқықтық кеңесі көрсетіледі. Соңғы бағыт – корпоративтік еріктілік. Бұл бағыт ақпараттандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті дамытуға бағытталған. Агенттіктің Атыраудағы басшыларының айтуынша, жоба – азаматтарды патриотизмге тәрбиелеп, жұмыстың жүйелі болып, қоғамның бақылауын күшейтуге мүмкіндік береді. Белсенділер антикор қызметкерлерімен бірге жұмыс істейтінін растайтын құжаттың болуы керектігін айтты. Алайда, мұндай ресми құжат оларға берілмейтін болды және бұл жұмыс тегін. Ерікті болып, жемқор және парақорлармен күрескісі келетіндер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне хабарласып, қоғам игілігіне жұмыс істеу жеткілікті.