CaspianLife, 31 шілде — Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы биыл 7119 істі қарап, шешім шығарған. Бұл көрсеткіш былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 25,9 пайызға артыпты, деп хабарлайды Caspian Life.
Алқа төрағасы Мәтен Ерғазиевтің айтуынша, олардың арасында кәмелетке толмағандардың ісі көбейген. 1000-ға жуық іс екі тараптың татуласуымен аяқталса, аппеляциялық шағым негізінде 422 іс қайта қаралып, 29-ның күші жойылған және 51 шешімге өзгеріс енгізіліпті.
Бұдан өзге 6 ай ішінде 776 тұлғаға қатысты 616 қылмыстық іс қаралған. Бұл былтырмен салыстырғанда 124-ке көп. 539 тұлғаға 399 үкім шықса, оның 39-ы ақталған. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық фактісімен сотталған 6 тұлғаға айыппұл салынып, тағы үш адамның бас бостандығы шектелсе, үш адам түрмеге түсті. Және 557 әкімшілік іс қаралған. Олардың арасында жер және салық дауы көп кездеседі дейді мамандар. Сондай-ақ, азаматтар 242 арызды кері қайтарып алған.