CaspianLife, 17 шілде – Атыраулықтар «Qazaqstan дауысы. Балалар» ІІ маусымында жеңіске жеткен Нұршат Құсанованы әуежайдан күтіп алды деп хабарлайды caspianlife.kz.
Тәлімгерлер мен көрермен таңдауы бойынша 4 финалистің арасынан үздік шыққан Нұршат мегажобаның алғашқы кезеңінде композитор Арман Дүйсеновтің «Туған жер» әнін, жартылай финалда «Толғауды», ал финалда Қанай мен Калифарнияның «Ритм-такт» әнін орындады. Бастапқы кезеңде-ақ 2 тәлімгерді өзіне қаратқан ол әнші Жұбаныш Жексенұлының тобында өнер көрсеткен еді.
«Сайыс өте керемет өтті. Мен өзімнің ұтқаныма әлі сене алмай жүрмін. Алдағы уақытта шетелдегі үлкен сахналарды бағындырғым келеді. Өзімнің мақсатыма жетемін деп ойлаймын», — Qazaqstan дауысы. Балалар жобасының жеңімпазы Нұршат Құсанова.
Биылғы жобаға қатысу үшін елімізден және жақын шет елдерден 8-14 жас аралығындағы 6000-ға жуық бала онлайн түрде өтініш берген. Оның ішінде 100 бала «Көрмей таңдау» кезеңіне жолдама алып, ақырында мықты саналған 60 баланы төрт тәлімгер бөліп алды. «Qazaqstan дауысы. Балалар» — әлемнің 100 елінде көрсетілетін әйгілі «The Voice. Kids» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Мегажоба, «Көрмей таңдау», «Жекпе-жек» және «Тікелей эфир» сынды кезеңдерден тұрады.