CaspianLife, 14 шілде — Атырау облысының прокурорлары жарты жыл ішінде жасалған жұмысты қорытындылап, брифинг өткізді, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың айтуынша заңсыз жарияланған бірнеше мемлекеттік сатып алу конкурсының өтуіне тосқауыл қойылған. Нәтижесінде жалпы сомасы 200 миллион теңгеден асатын мемлекет қаржысы қазынада қалды. Бұдан бөлек прокурорлар 4200-ден астам кәсіпкердің мүддесін қорғап, оларға тиесілі 286 млн теңгенің қайтарылуына ықпал етіпті. Сондай-ақ, бизнес саласындағы 3 қылмыстық және 28 әкімшілік істі тоқтатқан. Заңдылықтың орындалуын қамтамасыз ететін мамандар кәсіпкерлерге қатысты мәслихат шешімінің де күшін жойыпты.
«Кәсіпкерліктердің белгілі бағамен тұрмыстық қалдықтарды жинау жөніндегі қызметтерге шарттар жасасуға мәжбүр болған. Ол бүгінгі таңда экологиялық қоршаған ортаның заңнамаларының талаптарында бұрынғы кездегі болған талаппен мәслихаттың шешімі қабылданып кеткен. Бірақ, ол заңға бүгінгі таңда өзгерістер болған. Сол өзгерістерге сәйкестендірді» — деді Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Прокурорлар жұмыс берушілерден жалақысын ала алмай жүрген 180 жұмысшының да құқығын қорғап, 32 миллион теңгенің төленуіне себепкер болды. Адам тағдырына да араша түсіп, 54 қылмыстық іс тоқтатылып, 38 жазықсыз адамды жазадан аман алып қалған. Ал, мұнай кәсіпорындарына ауаны ластағаны үшін 8 млрд теңгеге жуық айыппұл салыныпты.
Orda.kz