CaspianLife, 11 шілде — Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Өз өзіңе көмектес» атты жоба аясында психологиялық кабинет ашылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Жетекшісі Гүлмира Шынтемірова 2 топтағы мүгедек. Өзі секілді жандарға жан-жақты көмек көрсетуді ойлаған ол әуелі кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Кейін «Бизнес бастау» жобасына қатысып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант ұтып алды.
«Бұл кабинет негізінен мүмкіндігі шекетеулі жандарға және ерекеше бала тәрбиелеп отырған аналарға психологиялық кеңес тегін беріледі. Кабинетімізде ораторлық курстар, смм, мобилография курстары тегін қызмет көрсетеді. Және де тренинг, семинарлар өткізіледі. Өздеріңіз білесіздер жол көлік оқиғасынан, травмадан кейін көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар күйзеліске түседі, психологиялық қолдауларды қажет етеді. Міне сондай жандарға бұл кабинет көптеген көмегін тигізеді деген ойдамын» — деді жоба жетекшісі Гүлмира Шынтемірова.
Гүлмира Шынтемірованың айтуынша, айналада психологиялық көмекке зәру жан көп. Бірақ олардың бәрін бір мезетте қамту мүмкін емес. Сондықтан қолұшын созатын кәсіпкерлер болса, болашақта кабинеттің ауқымын кеңейтіп, жеке ғимарат алғысы келетін көрінеді. Психологиялық кабинет «Ескі әуежай» ықшам ауданындағы Жиделі көшесі бойындағы 2-ші ғимаратта орналасқан. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін 2 850 адам оқып, 17-сі мемлекеттік грантқа ие болған.