CaspianLife, 7 шілде — Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды, деп хабарлайды Caspian Life.
3 шілде күні жарықтың сөнуіне байланысты кәсіпорын жұмысын апатты түрде тоқтатқан еді. Қазіргі таңда баяу кокстеу қондырғысынан басқа өндірістің барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл қондырғы шикі кокс өндіруге арналған, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлеміне әсер етпейді. Қондырғы 9 шілдеде іске қосылады.
Зауыт жұмысы тоқтап тұрған уақытта резервуар көмегімен әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырды. Атап айтсақ, 1-6 шілде аралығында АМӨЗ 24 мың тонна АИ-92 автобензинін, 9 мың тонна АИ-95 автобензинін, 40 мың тонна дизель отыны мен 3 мың тонна көлемінде әуе отынын жөнелтті.
Еске сала кетейік, 3 шілдеде сағат 17:25-те зауыт жұмысы «МАЭК» ЖШС жылу электр стансасындағы апаттан кейін тоқтатылған еді. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді.
Қазіргі таңда зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр.