CaspianLife, 21 маусым – Атыраудағы жұмыспен қамту орталықтары таратылады деп хабарлайды сaspianlife.kz. өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2023 жылғы 9 маусымдағы №90 Атырау облысы әкімдігінің қаулысымен «Атырау облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 1 шілдеден бастап Еңбек мобильдігі орталықтарының филиалдары мансаптық орталықтарға айналады. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтты.1 шілдеден бастап Атырау облысы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтары таратылып, барлық 7 аудан мен облыс орталығында мансап орталықтары жұмысын бастайды.
«Қала мен барлық ауданда халықты жұмыспен қамту орталықтары мекемесінің жұмысын тарату туралы қаулы қабылданып, барлық қызметкердің қолына бір ай бұрын хабарлама берілді. Еңбек министрімен жаңадан құрылған Еңбек мобильдігі орталығының басшысымен сұхбаттасу өткізіліп, үміткер келісілді. Аталған мекеме басшысы болып халықты жұмыспен қамту саласында тәжірибесі бар Қайрат Бақтыгерейұлы Омаров 6 айлық сынақ мерзімімен бекітілді. Мекеме Әділет департаментінде тіркеліп, қазіргі уақытта мансап орталықтарының жұмысын ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр деді», — басқарма басшысы Азамат Мәмбетов.
Мансап орталықтарының негізгі міндеті — ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау. Әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметінен