CaspianLife, 16 маусым — Атырау халқының 100 пайызға жуығы су және газбен қамтылған. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов брифингте осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыс халқының 99,7 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Одан бөлек, биыл жоспар бойынша 8 ауылдық елдімекенде (Қызылқоға ауданының Қоғам, Қоныстану, Қоңыраулы, Аққора, Сарқұмақ, Былқылдақты, Соркөл, Кенбай ауылдары) су құбырының құрылысы мен суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату басталды. Жоспар бойынша бұл жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Сондай-ақ қазіргі таңда 6 ауылды сумен қамтамасыз ету үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Олардың құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделген.
Атыраулықтардың 99,7%-ы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Сонымен бірге, 8 ауылда газ құбыры салынып жатыр. Оның екеуі биыл, қалғаны келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.
«Өңірдің маңызды мәселелерінің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту және олардың қуатын арттыру. Бүгінде Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін инженерлік инфрақұрылым жүйелі дамып келеді. Соның ішінде газ инфрақұрылымын жаңарту және салу жұмыстары жүріп жатыр»,- деді С.Шәпкенов.
Серік Шәпкенов бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының 99,9%-ы таза ауыз сумен және газбен қамтылатынын атап өтті.