CaspianLife, 14 маусым — Атыраудағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұратын жұрт турасын айтқанда нәжіс суынан зардап шегіп отыр. Өйткені үйдің дәл қасында оң жағалаудағы халықтың лас суы жиналатын кәріз-сорғы станциясы орналасқан. Ал ол істен жиі шығады. Нәтижесінде айналаға сасық сумен қатар сасық иіс жайлайды, деп хабарлайды Caspian Life.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл мәселенің пайда болғанына 11 жылдай уақыт болыпты. Әкімдік те, коммуналдық қызмет те хабардар. Бірақ шешімін табуға асыққан ешкім жоқ. «Атырау облысы су арнасы» мекемесі өкілінің сөзінше, биыл станция күрделі жөндеуден өтеді.Тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселе туралы қағаз бетіне түсіріп, 109 қызметіне, тұрғын үй коммнуалдық шаруашылық бөліміне, облыстық прокуратураға хабарласқан. Бірақ әзірге оларды қанағаттандырарлықтай жауап болмай тұрған көрінеді. Мәселенің жақын арада шешілмесін түсінген тұрғындар президент әкімшілігі мен бас прокурордан көмек сұрамақ. Және материалдық, моральдық шығын өндіріп алу туралы сотқа арыз бергелі отыр.
Фото: Нұрсая Эльбрусова