CaspianLife, 13 маусым — Құрманғазыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХІХ маусымының ашылу салтанаты өтті. Жиынға осы маусымда жұмыс істейтін жастар мен олардың әр ауылдық округтегі жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Биыл аудандық «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелігіндегі 200 адам көгалдандыру жұмыстарымен айналыспақ. Жұмысқа барлық 19 ауылдық округтің жастарын жұмылдыру жоспарлануда. Маусым айындағы алғашқы лекке іліккен 75 адам бүгін-ертең іске кіріспек. Олардың міндеті – 7 ауылды абаттандыру болмақ.
«Биылғы «Жасыл елдің» ерекшелігі — 16 мен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастарды, студенттерді, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтып отырмыз. Соның ішіндегі NEET санатындағы жұмыссыз жастар алғашқы легіне кезексіз жұмысқа алынады. Бір сарбаз бір ай көлемінде жұмыс атқарады, арнайы киіммен қамтылады және өздерінің төленетін жалақысы болады», — деді «Жасыл ел» еңбек жасағының Құрманғазы ауданы бойынша координаторы Дархан Ерғазиева.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы өз жұмысын 2005 жылы бастады. Сол уақыттан бері оның мүшелері айналаны көгалдандырып, аудан, ауыл маңы мен көшелерді, өзен жағалауларын, құрылыс алаңдарын тазалауға ат салысып келеді.
Фото: yvision.kz