CaspianLife, 7 маусым — Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері балаларға арнап «Өрттен сақтан!» атты спектакль қойды, деп хабарлады CaspianLife.
Қойылым ертегі жанрында болды. Әртістер «Спанч Боб» мультфилміндегі балалардың сүйікті кейіпкерлерін сомдау арқылы оттың қауіпті екендігін түсіндірді. Кішкентай көрермендер спектакльде жан-жағын отқа орап, тіршілікті жою үшін арам пиғылын жүзеге асырмақшы болған жағымсыз кейіпкерлер — от патшасы мен оның нөкерлері және қоршаған орта мен орманды қауіптен сақтайтын су ханшайымы арасындағы қақтығысты тамашалады. «Балалар қойылым арқылы өрттің қауіпті екендігін, қауіп төнген кезде өздерін қалай қорғау керектігін түсінді», — дейді спектакльдің қойылуына себепші болған құтқарушылар.
Спектакль аяқталған соң балалар театр ғимараты алдында қаз-қатар тізілген арнайы техника, гидрокостюм және құрал-жабдық түрлерімен танысты. «Балаларды қорғау» күніне арналған мерекелік іс-шараны Атырау облыстық төтенше жағдай департаментінің ұжымы ұйымдастырды.
Қазіргі таңда мына балалар жазғы демалысқа шығардың алдында балалар сол жалпы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтасын деп, отпен ойнамау, сіріңкемен ойнамау. Соны жеткізіп мынау Махамбет театрының ұжымы соның бәрін осы қойылымда жеткізді. Сонымен қатар мына жерде балаларға, қалалық ата-аналарына техника көрсету болып тұр. Біз ол техниканы жаңағы балалар көрсін, өрт сөндіргіш құралдармен жақынырақ таныссын деп техника көрсетуді ұйымдастырып отырмыз — деді Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары Жасұлан Ақтаев