CaspianLife, 22 мамыр — Атырау 4 айда АИТВ инфекциясын 17 адам жұқтырған деп хабарлайды caspianlife.kz. AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қазір орталықта адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясын жұқтырған 328 адам диспансерлік есепте тұр. Дәрігерлердің айтуынша, инфекцияны жұқтырған саны азайып жатыр. Мәселен, былтыр осы уақытта 25 адамнан қауіпті инфекция анықталған.
«Биыл 17 адам тіркелсе, соның бесеуі әйел. Атырау облысында алғаш рет АИТВ инфекциясын жұқтыру дерегі 1993 жылы анықталған. Сол уақыттан бері бұл дерттен 13 адам көз жұмды. Айта кетейік, АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласады. Бұл дертті жұқтырғандар жазылмайды. Ауырған пациенттердің иммунитеті инфекцияға қарсы күшейтілген дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін қалыпты болып тұрады. ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып, дүние жүзінде көптеген жандарға қасірет әкелсе, қазіргі таңда заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында уақытында анықталып, үздіксіз ем алған адамдардың сапалы ұзақ өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Атырау облысы бойынша АИТВ инфекциясына тексерілу тегін, ол үшін облыстық ЖИТС орталығына немесе жергілікті емханаға барып қан тапсыру қажет.
Фото stan.kz сайтынан