CaspianLife, 17 мамыр — Құрманғазы ауданында халықаралық отбасы күніне орай бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Соның бірі — аудандық мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған кешкі бұқаралық серуен жиналғандардың көңілінен шықты. Ата-аналарымен бірге серуенге шыққан балалар тәттіге қарқ болса, ойын-сауық алаңдары оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бағдарлама аясында өнерлі отбасылар концерт қойды.
«Мереке құтты болсын! Кең көлемде аталып өтіп жатыр. Бәріміз де бақыттымыз. Өзім немерелерімді, жиендерімді ертіп келіп жатырмын. 12 немерем, 13 жиенім, 9 шөберем бар. Шөберелерімнің қолынан дәм тату бұйырып жатыр. Деніміз сау, еліміз тыныш болсын! Той құтты болсын. Жылма-жыл осы мерекені тойлау жазсын» — деді Құрманғазы ауданының тұрғыны Дәржан Сәбитова.