CaspianLife, 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай қазақ күресінен жасөспірім ұл-қыздар арасында қалалық турнир өтті, деп хабаралайды CaspianLife.
Жарысқа облыс орталығындағы және ауыл-аудандардағы спорт мектептерінен 160 шақты спортшы қатысты.
«Мен осындай жарыстарға қатыстым. Алғашқы кезеңде бір қарсыласымды ұттым. Финалға шығатыныма сенімдімін» — деді спортшы Мансур Төлеу.
Іс-шараны Атырау қалалық мәдениет бөлімі ұйымдастырды. Олардың сөзінше, мұндай турнирлер балалардың шеберліктерін одан әрі шыңдауға ықпал етеді.
«Бұл жерде біздің бірінші мақсатымыз – өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Және де отбасылық құндылықты насихаттау. Балаларымыздың жалпы ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру» — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Жарыс нәтижесі бойынша 1 орынға 29 келі салмақ дәрежесінде Данияр Тілепберген ие болды. Ал 32 келі салмақ дәрежесінде Санжар Теміров, 35 келіде Аңсар Өнербекұлы топ жарды. Ал «үздік спортшы» номинациясымен Омар Сабырғай марапатталды.