CaspianLife, 10 мамыр — Құлсары қаласындағы Атырау ықшам ауданының барлық көшелеріне жыл соңына дейін асфальт жол салынады, деп хабарлады Caspian Life.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, жол салу жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған. Бірақ, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзетулер енгізіліпті. Сол жоба бойынша құрылыс мамырда басталмақ, дейді аудан әкімдігі.
Аталған ықшам ауданның 24 көшесіне 22,1 шақырым жол және тротуар салынатын болады. Бұл жұмыстарды «АтырауИнжСтрой-АИС» мекемесі жасауда. Жоба құны 7,2 мрлд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
«Қазіргі таңда 22 көшенің жері толықтай тегістеліп, құм қиыршық тас, қиыршық тас жабындылары және бір көшеге асфальт жабындының бірінші қабаты төселді,- деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі», — автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаев.
Айта кетейік, «Атырау» ықшам ауданында 400-ге жуық тұрғын үй болса, тұрғындар саны мыңнан астам.