CaspianLife, 31 наурыз — Атырауға Ресейдің Астрахань облысынан делегация келді. Бұл қонақтардың бірінші легі. Ал ертең жергілікті басшылар көршілес облыстың губернаторы бастаған тағы бір топты күтіп алады хабарлайды сaspianlife.kz.
Бүгін делегация мүшелері аймақтағы өндірістік және ауыл шаруашылығы мекемелеріне барды. Ресейлік қонақтардың бұл келісінен олардың бізбен іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігі байқалады.
«Мал және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың жұмысын көрмекпіз. Және балық аулап, оны өңдейтін әріптестерімізбен кездесу де жоспарымызда бар. Өзара біріге отырып, келісімге келеміз деген ойдамын», — деді Астрахань облысының ауыл шаруашылығы және балық өндірісі министрі Руслан Пашаев.
Астрахань және Атырау облыстары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту – осы іссапардың басты мақсаты. Екі өңірдің күні бүгінге дейінгі қарым-қатынасы жаман болған емес. Бірақ делегацияның бұ келісі солтүстіктегі көршілердің бізбен әлі де тығыз байланыста болғысы келетіндігін көрсетсе керек.
«Астрахань халқы Атырау жерінде шығарылатын сапалы өнімдер мен тауарларға мұқтаж. Екі жақ бірігіп жәрмеңке, көрме өткізсе дейміз. Сауда-өндірістік палатасының өкілдері осы мақсатта келіп отырмыз. Кәсіпкерлер бірігіп жұмыс жасаса, екі жақтың да бизнесіне пайдалы болар еді», — деді “Астрахань сауда-өндірістік палатасының” президенті Станислав Синченко.
Ал ертең Атырауға Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин келіп, аймақ басшысы Серік Шәпкеновпен кездеседі. Сауда-экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынасты дамытуға қатысты жоспар жасап, өзара әріптестік туралы бірнеше құжатқа қол қойылуы мүмкін.