CaspianLife, 30 наурыз –2022 жылы Атырауда фаст-фуд жеген 17 адамның уланып, санитарлық талапты сақтамаған бірнеше кәсіпкерлік нысанының әкімшілік жауапқа тартылған. Мұны Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағылар айтты деп хабарлайды сaspianlife.kz .
Оларға салынатын айыппұл көлемі де аз емес. Заң бұзған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары – 793 000 теңгеден 1 069 500 теңгеге дейін, ал ірілері 5 520 000 теңге төлейді.
«Басқарма қазіргі уақытта кәсіпкерлерді тексере алмайды. Оған шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімінің2024 жылға дейін ұзартылуы себеп. Тек тамақтану орындарында немесе басқа да объектілерде санитарлық талаптардың сақталмағанын дәлелдейтін фото-бейнежазбалар болса ғана жоспардан тыс тексеріс аша аламыз», — деді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Тоғжан Мұрат.
Күні кеше эпидемиологтар 100 шақты кәсіпкерді жинап, семинар өткізді. Олар презентация арқылы тамақтан уланудың салдары, алдын алу, токсикоинфекцияға жол бермеудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Өйткені алда жаз маусымы келе жатыр, әсіресе тез дайындалатын тағамдарға қажетті азық-түлік дұрыс сақталмаса, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.