CaspianLife, 29 наурыз — Атырау облысындағы ұялы байланыстың нашар, интернет жылдамдығының төмен болуына арнайы станциялардың жетіспеушілігі себеп. Оны орнатуға тұрғындардың өздері қарсылық білдіреді. Деді облыстық әкімдікте өткен жиын кезінде байланыс операторлары өкілдерінің бірі деп хабарлайды сaspianlife.kz. Сондықтан жергілікті атқарушы орган мұнараларды қою үшін жер бөліп, орнатып берсе дейді.
Операторлардың айтуынша, тұрғындардың арасында радиофобиясы барлар азаймай келеді. Соның кесірінен көпшілік үйдің шатырына немесе аулаларына байланыс станцияларын орнатуға қарсылық білдіреді. Бұл да интернет жылдамдығының нашар болуына ықпал ететін фактордың бірі. Жиынға қатысқан қоғам белсенділері «халық байланыс операторларына аз ақша төлеп отырған жоқ. Сондықтан, компаниялар станцияларды өз қаражаттарына орнату керек деген пікірде.
«Байланыс мұнарасын операторлардың өздері орнатуы керек. Өйткені, операторлар оларды қалай орнату керектігін біледі. Жалпы стандарттан хабардар. Және тұтынушылар байланыс операторына кем дегенде айына 3 мың теңге төлейтінін ұмытпаған дұрыс. Яғни, халық аз ақша төлеп отырған жоқ. Сондықтан, жауапкершілік ең алдымен оператордың мойнында болған дұрыс деп ойлаймын»,-деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен Сейітқалиев.
Ал операторлар байланыс мұнараларын өзіміз орнатсақ, оған кеткен шығынды ақтай алмай қаламыз ба деп қорқасоқтап отыр. Былтыр өңіраралық байланыс инспекциясына атыраулықтардан түскен арыз-шағымның саны 2,5-3 есе көбейген. Оған қала аумағында орналасқан түрмелер мен тергеу абақтысына орнатылған байланысты өшіретін құрылғы себеп болыпты. Қазіргі уақытта әйелдер түрмесіндегі мәселе шешілгенмен, қалған жабық 2 объектідегі құрылғы қарапайым тұрғындардың байланысына әлі кері әсер етіп отыр.
«Егер тұрғындар байланыс компанияларының үстінен шағым түсірсе, біз тексереміз. Тұрғындардың айтқандары дәлелденіп, оператордың кінәсі анықталса, айыппұл салынады, жоғары жаққа тиісті ұсыныс беріледі. Компаниялар анықталған 4 қателіктің үшеуін дұрыстады. Бірақ, бұдан сапаның жақсарып жатқаны шамалы», — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің еліміздің батыс аймағы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының бөлім басшысы Рүстем Нұрғалиев.
Белсенділер инспекцияның бар екенін білмейтін атыраулықтардың көп екенін айтып, тұрғындармен байланысты күшейтуді ұсынды. Жиын соңында әкімдіктегілер операторларға ұсыныстарын жазбаша түрде қалдыруды сұрап, мәселені бірігіп шешуге шақырды. Және жер беру мәселесін қарастырып, радиофобиясы бар атыраулықтардың санын азайту үшін түсіндірме жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр.
Фото «Егемен Қазақстан» газетінен