CaspianLife, 29 наурыз — Атырау мұнай өңдеу зауытында TAZALYQ жобасы бойынша механикалық тазарту қондырғысы жұмыс істей бастады. Яғни бұрын булану алаңына мұнай қалдығы аралас су төгілсе, жаңа технологияның арқасында оның құрамындағы қалдық коэффиценті азаймақ, деп хабарлайды CaspianLife.
Зауыт өкілдері іске қосылған нысанның жұмыс істеу принципін қоғам белсенділеріне көрсетті. Қондырғының бірінші кезеңінің құрылыс жұмысы былтыр аяқталған еді. Ол бір сағаттың ішінде 1000 текше метр суды тазалай алады. Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
«Механикалық тазарту қондырғысында бүткіл зауыттың ағынды, сарқынды суларының бәрі төгіледі. Механикалық әдіспен тазартылады. Сол тазартудан кейін мұнай қалдықтарының бәрі қоқыс болып бөлінеді де, оны бөлек қондырғыда тазартамыз. Ал, механикалық тазартудан шыққан су биологиялық тазартуға барады. Оның ішінде микроорганизмдер өсіріледі. Сол микроорганизмдер мұнай қалдықтарымен қоректеніп, санын азайтады» — деді «АМӨЗ» ЖШС өкілі Қанат Сағызбаев.
Құрылыстың бірінші кезеңінде иістердің ашық көзі саналатын ашық бассейндер мен ескі мұнайбөлгішті демонтаждау жұмыстары жүргізілді. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» еліміздегі мұнай зауыттарының ішінде алғаш болып тазарту қондырғысын жаңғыртуда. Тазарту жобасы Еуропалық қайта құру және даму банкінінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жиын соңында зауыт өкілдері қоғам белсенділеріне былтыр жасаған өзге де жұмыстары және аладағы жоспарлары туралы айтты. Мысалы зауыт 2028 жылға дейін Жайықтан алынатын су көлемін 5 миллион текше метрге дейін азайтпақ. Ал қазір стратегиялық нысан өзеннен жылына 8 миллион текше метр су алып отыр.