CaspianLife, 24 наурыз — Жылыой ауданында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – ат жарысы. Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен бәйгеге Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарынан 60-тан астам сәйгүлік қатысты, деп хабарлайды CaspianLife.
21 шақырымдық аламан бәйгеде 14 тұлпар жарысып, маңғыстаулық «Нарқасқаның» иесі 1миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал 15 шақырымдық топ бәйгеде атыраулық Мақсот Нұржанұлының «Лашыны» оза шапса, 7 шақырымдық құнан жарысында құрманғазылық «Тентек қара» топ жарды. Олардың иелері сыйлыққа мотоцикл алды.
«Аламан бәйгеде соңғы кругқа дейін аттың басын ұстап келіп, финишке жақындағанда аттың басын жіберіп, ұмтылып бірінші келдім Алланың қалауымен. Ұйымдастырушыларға рахмет, алыстан келіп тұрмыз Жаңаөзеннен. Маңғыстау елінен келіп, Жылыой ауданының бәйгесіне қатысып жатырмыз, 3 старт, 3 победа» — деді шабандос Мирас Нұраддин.
Жылойлықтар үшін ұлттық ат ойындарынан бөлек елге белгілі азаматтармен тағылымды кездесу де ұйымдастырылды. Филолог-ғалым, абайтанушы Омар Жәлелұлы және Asarume қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев көпшілікпен еркін форматта әңгімелесті. Кездесу соңында “Асаруме” қайырымдылық қоры жылыойлық 1 отбасыға баспана табыстады.
Наурыз мейрамы аясында «Пай,пай шіркін Жылыойдың сұлулары ай» атты келіндер сайысы өтті.Тәлім-тәрбие мен қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуге арналған бұл байқауға 10 келін қатысып, үздік шыққандар марапатталды.