CaspianLife, 16 ақпан — Бірнеше ит талаған 8 жасар баланың жағдайы ауыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Оған ота жасалған. Басы, беті, аяқ-қолы, денесінің көп бөлігінде тістің ізі қалыпты. Дәрігерлер оған алдағы уақытта өзге де мамандардың көмегі қажет болатындығын айтады.
«Баланың жағдайы ауыр. Тағы бірнеше рет ота жасалуы мүмкін. Қалпына келуі үшін ұзақ ем алуы қажет. Және психолог, неврологтардың көмегі керек болады» — деді Атырау облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Хван.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға қала маңындағы ауылдардың бірінде болған. Сабақтан шығып келе жатқан баланы бірнеше ит талаған. Мұны көріп қалып, көмекке жүгірген мектеп күзетшісі болмағанда жағдайдың бұдан да қиын болуы мүмкін еді дейді олар. Былтыр жарақат бөлімшесінің дәрігерлері ит және өзге де үй жануарларынан зардап шеккен 462 балаға көмек көрсеткен. Ал жыл басынан бері 35 дерек тіркеліпті.