CaspianLife, 15 ақпан — «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметкерлері айлықтарын көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты, деп хабарлайды CaspianLife.
Қарапайым жұмысшылардың арасында әлі күнге дейін 60 мың теңге еңбекақыға күн көріп жүргендер бар. Және олар бір емес, бірнеше адамның жұмысын істейді
«Мен қазір қосымша жұмыспен күн көрем. Менің жұмысым түнгі жұмыс болғандықтан, қосымша жұмыстан келіп, түнгі жұмыс істегенде, өте қиын маған. Бұл жерде антимонополия 10 жылдан бері өсірген жоқ. Олар әр 5 жыл сайын қарап отыру керек соны» — деді «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметкері Райхан Шәукенов.
Қазіргі уақытта компанияда 670 адам еңбек етеді. Айлығы жақсы дегендердің табысы 150 мың теңгеден аспайтын көрінеді.
«Біздің жұмысшылардың күнкөріс деңгейі түсіп бара жатыр жылдан жылға. Кредит өсіп барады, тамақ өсіп барады. Акционерлер қарасын, акимат қарасын, күнделікті мәселені уақытында шешу керек. Мартқа дейін сонда біз қалай өмір сүреміз» — деді «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметкері Талғат Аронов.
Мекеме басшылығы қызметкерлерге берілетін жалақы көлемінің аз екенін мойындайды. Соның салдарынан маман да тұрақтамайды. Жиі ауысады. Қазір «Атырау жылу жүйелері» АҚ 60 маман қажет. Мекеме осыған дейін айлықты 5-10 пайызға дейін көтеріпті.
«Бұл мәселені премьер-министрге дейін жеткіздік. Нәтижесінде заңға өзгерістер енгізілді. Қазір арнайы актілер әзірленіп жатыр. Қалай болғанда да құжаттар наурыз айында дайын болады. Сол кезде жалақыны кемінде 40-50 пайызға арттыруды көздеп отырмыз» — деді «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Әлібек Темірғалиев.
Осылайша мекеме басшысы мәселені келер айда шешеміз деп сендірді.Ал қызметкерлер бір айдың ішінде талабымыз орындалмаса тағы да бас көтереміз деп отыр.