CaspianLife, 18 қаңтар — Өзбекстанның туристік саласы қалпына келтіріліп жатыр. Өткен жылы шетелдік туристер ағыны 2,8 есе өскен, деп хабарлайды CaspianLife.
Өзбекстан мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2022 жылы Өзбекстанға туристік мақсатта 5,2 млн шетелдік азамат келген, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 3,4 млн немесе 2,8 есе артық.
Барлық шетелдік туристердің үштен бір бөлігін Қазақстан азаматтары құрады — 1 551,1 мың адам. Сондай-ақ, осы тізімдегі үштікке Өзбекстанмен көршілес елдер кірді: Тәжікстан – 1447,1 мың турист, Қырғызстан – 1356,9 мың турист.
Ресей Федерациясынан келген қонақтар ағыны 567,7 мың адамды құрады. Алыс шетелден 277 мың турист келді, оның ішінде Түркиядан – 75,6 мың қонақ, Оңтүстік Кореядан – 19,9 мың, Германиядан – 17,7 мың, Үндістаннан – 16,8 мың, АҚШ-тан — 13,1 мың адам.
Бұған дейін 2023 жылдың 2 қаңтарынан бастап Өзбекстанның бес әуежайында Tax Free бағандары жұмыс істей бастағанын хабарлаған едік, онда шетелдік туристер сатып алынған тауарлар үшін ҚҚС сомасын қайтара алады.