CaspianLife, 7 желтоқсан — Мақат ауданында сыбайлас-жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шара соңғы үш жылда жүргізілмеген, деп хабарлайды CaspianLife.
Басты себеп мемлекеттен қаржының бөлінбепті. Бұл туралы ауданға іс сапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досанов айтты. Ол аудан активі және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларымен бөлісті. Және 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының ережелерін түсіндірді.
«Департаментпен мемлекеттік сатып алу порталындағы сатып алу рәсімдерінде бағаны жасанды көтеру фактілерін анықтау мақсатында жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Ағымдағы жылы Департаменттің ықпал етуімен Мақат ауданы бойынша мемлекеттік мекемелерімен жоғары баға ұсыну фактілері бойынша жалпы сомасы 1 млрд. астам теңге қаражат үнемделді. Өз кезегінде Департаментпен жергілікті мемлекеттік органдармен жүргізілген ішкі талдауларға үнемі зерделеу жүргізіліп отырады. Нәтижесінде анықталғаны көп жағдайда ішкі талдаулардың формалды түрде өткізілетіндігі, ешқандай тәуекелдер анықталмайтындығы белгілі болды. Мысалы, Мақат ауданы мемлекеттік органдарымен 2021-2022 жылдары бірде-бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталмаған», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі АОД басшысы Ерлан Досанов.
Кездесу барысында белсенділер құрылысы тұралап қалған нысандарға қатысты сауал қойды. Солардың бірі аудан орталығындағы «Болашақ» аллеясына қатысты.
«95 млн ақша қайда кетті? Неге ол 45 млн игерілді дейді. Осы 2017 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Аналитиктер қайда, ана жерді сараптама жасаған адамдар бүткіл техназоры бар. Ана жерде 45 млн ақша жоқ. Біздер дурак емеспіз білемізғой. 10 млн-ға тарта ма, тартпай ма ана жердегі жұмыс. Қалған ақша қайда кетті? Оған кім кінәлі? Осы сұрақтарды осы күнге дейін қазір 2022 анықтай алмай жатырмыз», — дейді Мақат кентінің тұрғыны Наурызбек Батырханов.
Департамент басшысының сөзінше аллея құрылысы үшін 2017 жылы 56 млн теңге қаражат бөлініпті. Бірақ, жасалған жұмыс 11 млн теңгеге бағаланып, қалған ақша мемлекетке кері қайтарылған. Күнгі бүгінге дейін құрылыс толық аяқталмауына байланысты нысан қабылданбапты. Ал биыл аллеяға жаңадан жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткен.