CaspianLife, 23 қараша — Атырауда ерекше жандардың басын қосқан «Өмір гүлі» шығармашылық орталығының концерті өтті. Сахнаға шыққан мүмкіндігі шектеулі балалар түрлі аспаптың сүйемелдеуімен ән шырқады, деп хабарлайды Caspian Life.
Аталмыш шығармашылық орталығына 5 жыл толғанымен, 2009 жылы ансамбль ретінде ашылған. Кейін балалардың саны артып, үлкен орталыққа айналыпты. Қазір 18 жасқа дейінгі 60-тан астам бала бар.
«Жыл сайын осылай үлкен концерт береміз. Бүгінгі кештің ерекшелігі арамызда алғаш рет сахнаға шыққалы тұрғандар бар. Бүгінгі шараға 32 бала қатысып отыр. Оның ішінде аудандардан келгендері де бар. Олар айына 1-2 рет келіп дайындалып кетеді», — деді «Өмір гүлі» шығармашылық орталығының жетекшісі Тыныш Джакупов.
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі байқауларда өнер көрсетіп жүргендері бар. Солардың бірі — Альфия Әділқызы. Ол ән айтып қана қоймай, спортпен де шұғылданады. Альфия былтыр Астана қаласында өткен спартакиаданың жеңімпазы атанса, биыл парадзюдодан әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді. Шығармашыл қыз болашақта танымал әнші болғысы келетіндігін айтады.
«Бұл ансамльге 7 жасымда келдім. Сол кезден бастап ән айтамын. Мен ән айтқан кезде өзімді жақсы сезінемі», — дейді Альфия Әділқызы.
Концерт соңында ансамбль жетекшісі мен мүшелеріне қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.