CaspianLife, 22 қараша — Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарайдың 85-жыл толуына орай «Заманның көркем шежіресі» атты кітап көрмесі өтті.
Кітап көрмесіне Ә.Сарайдың «Мұнарлар шақырады», «Бозқырау» атты повесть, әңгімелері, «Тосқауыл» романы, «Алтын арал», «Исатай мен Махамбет» атты еңбектері мен «Ару Алматы» пьесалар жинағы сонндай-ақ тағы да басқа шығармалары қойылды.
«Бүгінгі көрменің негізгі мақсаты — тарихи танымдық әдебиеттерді зерттеп, өлке шежіресінен сыр шерткен Әнес Сарайдың шығармаларын оқырман назарына ұсынып, насихаттау. Оқушылар кітап көрмесімен танысып, өздерінің қызығушылықтарын танытып жатыр», — деді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жанаргүл Мұхтарова.
Айта кетейік, Әнес Сарай 1937 жылы Астрахань облысы, Володар ауданы, Құрмалай ауылында туған. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол Батыс Алашорда тарихын қамтитын «Еділ Жайық» романының және Алаш қозғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.