CaspianLife, 20 қараша — Атырауда сайлау науқанын жалғасуда. Атыраудағы №7 сайлау учаскесіне тіркелген тұрғындар таңғы сағат 7:00-ден бері үздіксіз дауыс беруде. Олардың арасында жазушы, композитор, музыкатанушы, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері Ілия Жақанов бар.
Ілия Жақанов сайлау учаскесіне жұбайы Тыйыш Алтаевамен бірге келді. Оның айтуынша, әрбір қазақстандық сайлау науқанына қатысу әділ қоғамды қалыптастыруға үлес қоса алады.
«Тәуелсіздік тарихында өткен сайлауда өз таңдауымды жасадым. Осы науқанда біз бүгінгі және ертеңгі болашақ күніміздің дамуы мен жан-жақты өркендеуі, халқымыздың бақыты үшін осының барлығына аса жауапкершілікпен қызмет ететін кандидаттарды сайлауға келіп, дауыс беріп жатырмыз. Біздің қоғам әділетті, қуатты қоғам және мызғымас бірліктегі ынтымағы зор қоғам. Қазақстанның болашағы жарқын, сондай сәулелі, шуақты ел болуы үшін қария болсам да, сайлауға келіп тұрмын», — деді І.Жақанов.
Айта кетейік, облыс орталығындағы №7 сайлау учаскесінде 2 916 сайлаушы тіркелген.