CaspianLife, 14 қараша — Атырауда сұйытылған газдың тапшылығына байланысты көршілес Ақтөбе облысынан күніне 70 тоннаға жуық автогаз жеткізілуде.
Бірақ, бұл жергілікті жүргізушілердің сұранысын қанағаттандыра алмайды. Өйткені, облыстағы тәуліктік тұтыну көрсеткіші 200-250 тонна көлемінде. Нәтижесінде қаладағы бекеттердің алды бірнеше күннен бері ұзын-сонар кезек.
Соңғы күндері өңірге Ақтөбе облысынан жалпы көлемі 243 тонна сұйытылған газ әкелініпті. Тасымалданатын газ көлемін әлі де көбейту үшін келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Бұдан басқа Ақтөбеден тағы да 1000 тонна әкелу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Және де ТШО мекемесімен де келіссөздер жүргізілуде. Іске асырылғаннан кейін газ тапшылығы болмайды деп ойлаймыз. Жалпы АМӨЗ мәліметіне сәйкес қараша айының аяғына қарай, яғни 25-нен кейін болжамды газ өндіру тәулігіне 300-350 тоннаны құрайды деп есептеп отырмыз», — дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мұқышев.
Жанармайдың дәл осы түрінің тапшы болуына басты себеп – АМӨЗ-дегі жөндеу жұмыстары. Әкімдіктің берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде зауыт тәулігіне 30-40 тонна газ өндіріп отыр. Данияр Мұқышевтің айтуынша, облыстық әкімдік жағдай тұрақтанғанша сұйытылған газ сатылып жатқан бекеттеріндің тізімін ресми парақшаларында жариялап отырады.