CaspianLife. 20 шілде. Каспий теңізінің суы соңғы жылдары бұрынғыдан да жылдам тартылып жатыр. Ресей Ғылым академиясының Океанология институты жүргізген зерттеуге сәйкес, 1996–2025 жылдар аралығында теңіздің су айдыны 28,6 мың шаршы шақырымға қысқарған. Бұл – Албания мемлекетінің аумағымен шамалас көрсеткіш.
Ғалымдардың мәліметінше, Каспий теңізінің деңгейі 1995 жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Осы уақыт ішінде су деңгейі шамамен 3 метрге азайған. Егер 2005–2019 жылдары теңіз деңгейі жылына орта есеппен 8,16 сантиметрге төмендесе, 2020–2024 жылдары бұл көрсеткіш 22,7 сантиметрге жеткен.
Мамандар теңіздің тартылуы жағалаудағы инфрақұрылымға да әсер етіп жатқанын айтады. Атап айтқанда, Ақтау маңындағы жағалау, каналдар мен айлақтардың тайыздануы кеме қозғалысын қиындатып, теңіз арқылы жүк тасымалына қауіп төндіруде.
Зерттеушілердің болжамынша, ғасыр соңына дейін Каспий теңізінің деңгейі тағы 2–21 метрге төмендеуі мүмкін.

