CaspianLife. 20 шілде. Атырау–Ақтөбе бағытындағы №691/692 жолаушылар пойызында билетсіз мінген ер адам жол үстінде қайтыс болды. Оқиға 13 шілдеде болған.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, жолаушыны вагонға жолсеріктердің бірі өткізген. Жолда оның жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған.
Оқиғадан кейін жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ филиалдың бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның өліміне екіжақты пневмония себеп болуы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.

