CaspianLife, 10 қараша — Индерлік Азамат Қалбағаевты өлтірді деген күдікке ілінген 8 жігітке қатысты сот үкімі шықты. Сот өткен залда ине шаншар жер болмады. Істі қараған Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина Азаматтың басының жарылғанын, қабырғасы, мұрыны мен беті, қос қолы мен аяқтарының сынғанын айтты.
Алғашқыда күдіктілердің қатарында 10 адам болған еді. Алайда олардың екеуі сотқа куәгер ретінде қатысып, айыпталушылардың саны қысқарды. Сот 3 жігітті «Адам өлтіру» бабымен 15 жылға, ал қалған 5-ін «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, олар марқұмның отбасына 37 млн теңге моралдық шығын төлейді. Сотталғандар — Есбол ауылының 29-30 жастағы жігіттері.
Былтыр тамыз айында Индер ауданына қарасты Есбол ауылында тұратын 30 жастағы Азамат Қалбағаевты таныстары ауыл сыртына апарып ұрып-соғып, тастап кеткен. Оның жағдайының ауыр екендігін сол маңнан өтіп бара жатқан жолаушылар байқап, ауруханаға апармақболған. Бірақ Азамат дәрігерлерге жете алмай, жол үстінде жантәсілім етті.