CaspianLife, 10 қараша — Атырауда көлік айдаған 14 жасар жасөспірім жол апатына түсіп, қаза тапты. Бұл туралы облыстық ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 9 қараша күні сағат 16:30 шамасында Құрманғазы ауданында Жасталап ауылы тұсында болған. Toyota Corolla автокөлігі жолдан шығып аударылып, жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Оның жеке басын анықтау кезінде 2008 жылғы екені анықталды.
Сондай-ақ, көлікте болған 15 жастағы 4 жасөспірім түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын анықтау бағытында кезек күттірмейтін тексеру жұмыстары жүргізілуде», — делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полицейлер жасөспірім көлікті ата-анасының келісімінсіз айдап кеткенін айтады.