CaspianLife, 2 қараша — Атырауда анонимді маскүнемдер клубы ашылып, ішімдікке тәуелділіктен зардап шегіп жүрген мүшелерінің алғашқы кездесуі өтті.
Олардың арасында ерлермен қатар әйелдер де бар. Жиналғандар арақтан өз беттерінше бас тарту үшін жасап жатқан амалдарымен бөлісті.
«Біз Атырауда анонимді осындай клубтың болғанын, дамығанын, сауығуымызға ықпал ететін идеяларымыз бен принциптеріміздің таралғанын қалаймыз. Адамдар ішімдіктің кесірінен өздерін құртпай, тәуелдліктен бас тартып, толықтай айығуларына мүмкіндік бар екенін білулері керек. Себебі маскүнемдіктен айыққанда ғана, адам отбасына оралып жақсы өмір сүре алады», — дейді клуб мүшелерінің бірі.
Клуб мүшелеріне қойылар жалғыз талап – ішімдіктен бас тартсам деген ниет. Олардан ешқандай ақы, жарна алынбайды. Көрсетілетін көмек тегін және қолжетімді. Клуб мүшелерінің кездесулері жергілікті волонтерлік ұйымдардың қолдауымен тұрақты, бірақ жасырын өткізілетін болады.