CaspianLife, 22 қазан — Атырауда жүк көлік иелеріне 46 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ ұйымдастырған «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында «Атырау-Индер» жолының бойында ауыр жүк көліктерінің салмағы тексерілді.
«Жол сапасының нашарлауына ауыр жүк көліктерінің белгіленген мөлшерден әлдеқайда артық жүк тасымалдауы әсер етеді. Статистикалық мәліметтер бойынша облыста асфальттың 35% -ы жүк көліктерінің салдарынан тез тозады. Сондықтан жол сапасын сақтау мақсатында жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Заңға сәйкес ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан асқан жағдайда айыппұл салынады», — деді Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалының инженері Мейірхан Бекесов.
Тексеріс кезінде көлік бақылау инспекторлары бірнеше жүк көлігін тоқтатып, арнайы құрылғымен салмағын өлшеді. Құм тиеген кейбір жүк көліктерінің салмағы шекті мөлшерден 3-5 тонна асып кеткені анықталды. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің маманы Талғат Жантеміровтың айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша жеке жүк тасымалдаушылар 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Жыл басынан бері жол бойында заң бұзған 62 мыңнан астам көлікке 46 млн. теңге айыппұл салынған.